Баспасөз қызметі


Авторландыру


 
Логин:
Пароль:

Тіркеу
Парольды ұмыттыңыз ба?
 



Марат ҚҰСАЙЫНОВ, Экономикалық даму және сауда вице-министрі: Шағын және орта бизнестегі кәсіпорындарды қолдау - Индустрияландыру бағдарламасының маңызды басымдықтары



 

Ақ сөйле - 13.07.10.  Айқын газеті

 

 

13.07.10.
Марат ҚҰСАЙЫНОВ, Экономикалық даму және сауда вице-министрі: Шағын және орта бизнестегі кәсіпорындарды қолдау - Индустрияландыру бағдарламасының маңызды басымдықтары 

- Үстіміздегі жылы үдемелі индустриялық-инновациялық дамуының 2010-2014 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы жұмысын бастады. Бағдарламаны іске асыруға мүмкіндік беретін механизмдері жайлы не айтасыз?
- Қазіргі уақытта Индустрияландыру бағдарламасын іске асыру мақсатында 23 салалық және функционалдық бағдарламалар әзірленуде. Онда экономиканың басым бағыттарын жүйелі, әрі селективті қолдау шаралары нақтыланады. Ал аймақтарды дамыту бағдарламаларын әзірлеу шеңберінде өңірлік қолдау шараларын қолға алу көзделіп отыр. Салалық және өңірлік бағдарламаларды іске асыру мақсатында Индустрияландыру картасы аясында біріктірілген қаржылық және қаржылық емес шараларын ұсыну арқылы нақты жобалар қолдауға ие болады. Бүгінде жинақталған Индустриаландыру картасы жалпы құны 7,2 трлн теңгені құрайтын 237 инвестициялық жобадан тұрады.
Қазақстан Республикасының Үкіметі осы жылдың сәуірінде Индустрияландыру картасын бекіткен болатын. Оған жалпы сомасы 6,7 трлн теңгені құрайтын 101 инвестициялық жоба енгізілді. Сонымен қатар облыстардың және Астана мен Алматы қалаларының әкімшіліктері өңірлік Индустрияландыру карталарын жасауда. Осы уақытқа дейін оған жалпы құны 490 млрд теңгені құрайтын 136 жоба қосылды. Жобалардың іске асырылуын тәуелсіз бағалау мақсатында Индустрия және жаңа технологиялар министрлігі Сауда-өнеркәсіптік палатасымен әріптестік туралы меморандумға қол қойды. Сонымен қатар Индустрияландыру картасының жұмысы «Қазақстан Республикасының инвестициялық жобаларын басқару» ақпараттық жүйесі арқылы үйлестіріледі. Осы www.іp.economy.kz сайты арқылы бизнес өкілдері іске асырыла бастаған және перспективада көзделген жобалар туралы ақпарат алып, өңірлердің инфрақұрылыммен және ресурспен қамтамасыз етілуімен таныса алады.
Өндірістік қуаттарды 2015 жылға дейін оңтайлы орналастыру схемасы Мемлекеттік бағдарламаны іске асырудың тағы бір тетігіне айналмақ. Схемада Индустрияландыру картасының жобаларын негізге ала отырып елдегі инфрақұрылымдық және ресурстық базаның даму жоспарын үйлестіру нәтижелері көрсетілген.
Осылайша, «Жол картасына» қосылған жобалардың ресурстарға және инфрақұрылымға қосымша қажеттігін ескере отырып, арнайы тізім бойынша минералды-шикізаттық, энергетикалық, су, жер және еңбек ресурстарының 2010 жылға дейінгі жобалық баланстары нақтыланып, әзірленді. Сонымен бірге энергетика, автожол, темір жол, құбыр өткізу, су және әуе инфрақұрылымдардың алдағы уақыттағы даму схемалары дайындалды. Әзірленген Индустрияландыру картасы және схема - ұдайы өзектендіріліп, бағдарлама орындалған сайын нақтыланып отырады. Бұдан басқа, схема қазіргі 2020 жылға дейінгі стратегиялық жоспарды іске асыру мақсатында әзірленіп жатқан елдің 2020 жылға дейінгі аумақтық-кеңістіктік дамуының болжамды схемасының құрамдас бөлігі болмақ.
- Индустрияландыру картасына қосылған ірі жобалардың соңында «Самұрық-Қазына», «Қазагро» қорлары, жанар-жағармай-энергетикалық және экономиканың металлургиялық салаларындағы жүйе құраушы компаниялар бар. Ал шағын және орта бизнестегі кәсіпорындарға, өңірлік кәсіпкерлерге қандай көмек көрсетіледі? Сол жөнінде толығырақ тоқтала кетсеңіз.
- Шағын және орта бизнестегі кәсіпорындарды қолдау Индустрияландыру бағдарламасының маңызды басымдықтары болып саналады. Сол себепті, Индустрияландыру бағдарламасын іске асыру мақсатында «Бизнестің жол картасы - 2020» бағдарламасы қабылданды, осы бағдарлама шеңберінде кәсіпкерлерге мемлекеттік қолдау көрсету ережелері бекітілді, ынтымақтастық бойынша бірқатар келісімдер, ақпаратты ұсыну үлгілері мақұлданды. Аталған құжаттармен біздің Министрліктің www.mіnplan.kz және «Даму» қорының www.damu.kz сайттарында танысуға болады.
«Бизнестің жол картасы - 2020» бағдарламасының негізгі экономиканың шикізаттық емес секторларындағы өңірлік кәсіпкерліктің тұрақты және теңгерімді өсуін қамтамасыз ету, сонымен қатар бар жұмыс орындарын сақтау және тұрақты жұмыс істейтін жаңа жұмыс орындарын құру болып табылады.
Бағдарлама жаңа инвестициялық жобаларды іске асыру кезінде жеке сектордағы кәсіпорындар үшін қаржылық ресурстардың қолжетімділігін арттыру, экономиканың шикізаттық емес секторларындағы инвестициялық жобаларды іске асыру үшін жеке сектордың қаражатын, бірінші кезекте, банктердің қаражатын тарту, жеке сектордағы кәсіпорындардың, оның ішінде шағын және орта бизнестің қаржылық-экономикалық тұрақтылығын жоғарылату тәрізді міндеттерді шешуге бағытталған.
Жалпы алғанда, Бағдарламаны іске асыру индустрияландыру үрдісіндегі шағын және орта бизнестің рөлін күшейтуге, өңдеу өнеркәсібіндегі еңбек өнімділігін арттыру, шикізаттық емес экспорттың үлесін арттыруға мүмкіндік жасайды.
- «Бизнестің жол картасы - 2020» бағдарламасы кәсіпкерге не береді?
- Бағдарлама жаңа бизнес-бастамаларды қолдау, кәсіпкерлік секторды сауықтыру, экспортқа бағдарланған өндірістерді қолдау тәрізді үш бағыт бойынша жұмыс жасайды.
Бірінші бағыт бойынша, жаңа жобаларды іске асырушы немесе жаңа жобаларды іске асыруды, сонымен қатар экономиканың басым секторларындағы өндірістерді жаңартуға және ұлғайтуға бағытталған жобаларды жоспарлап жүрген кәсіпкерлерге жеңілдік көрсетіледі.
Жаңа жобаларды іске асырушы кәсіпкер:
- банк кредиті бойынша пайыздық мөлшерлемені субсидиялау;
- кредит бойынша ішінара кепілдік беру;
- өндірістік (индустриялдық) инфрақұрылымды дамыту, яғни жетіспей тұрған инфрақұрылым: жолдар, кәріз, жылумен жабдықтау, су құбырлары, темір жол тұйықтары, телефон орнату, кіші электр стансалары, электр тарату желілерін жүргізу сияқты көмек түрлеріне қол жеткізе алады.
Инфрақұрылымды дамыту өнеркәсіптік алаңдар ұйымдастыру шеңберінде іске асырылуы мүмкін. Бизнесті жүргізуге консалтингтік және маркетингтік, есеп және заңдық қызмет көрсетулер, жұмыс үрдісін қалыптастыру, өнеркәсіпті басқару, маркетингтік зерттеулер жүргізу және өзге де сервистік қызмет көрсетулер түрінде көмек жасалады.
Осымен бірге, кадр дайындауға, жастар іс-тәжірибесі мен әлеуметтік жұмыс орындарын ұйымдастыруға (2011 жылдан бастап) мүмкіндік жасалады.
Екінші бағыт қолданыстағы кредит бойынша сыйақы мөлшерлемесін субсидиялау, борышкердің салық берешегін (жеке табыс салығынан бөлек) өтеу бойынша мерзімін шегеру арқылы қаржылай сауықтыруды көздейді.
Бағдарламаны іске асырудың үшінші бағыты өнімдерін сыртқы нарыққа шығаратын кәсіпкерлерді қолдауға бағытталған.
- Ендеше, ол бағдарламаға кімдер қатыса алады? Бизнестің географиялық ауқымына байланысты шектеулер болып жүрмей ме?
- Бағдарламаға экономиканың басымды шикізаттық емес салаларында бизнеспен айналысатын немесе өндіретін өнімінің 10 пайызын сыртқа экспорттайтын әрбір кәсіпкер қатыса алады.
Бағдарламаға енгізілген металлургия өнеркәсібіндегі ірі кәсіпорындар;
- акцизделетін тауарларды шығаруды көздейтін жобалар;
- сауда және ауыл шаруашылығы өнімдерін шығару салаларындағы қызмет ететін кәсіпорындар;
- екінші деңгейдегі банктер арқылы мемлекеттен қаржылық қолдау алған ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеуді көздейтін борышкер-кәсіпкерлер және жобаларға қаржы ұйымдары беретін кредиттер қатыса алмайды.
Өткен жылдардағы осыған ұқсас бағдарламалардан айырмашылығы, мұнда сауда-қаржылық емес, өндірістік секторды қолдауға басымдық берілген. Басым салалардың тізімін біздің және «Даму» қорының сайттарында қарауға болады.
Бағдарламаның бірінші және үшінші бағыттары бойынша мемлекет жағынан барлық келісулер жергілікті деңгейде «бір терезе» принципі бойынша іске асырылады. Кәсіпкерлер екінші деңгейлі банктермен бірге кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармаларына өтініш берсе болды. Аталған басқарма тікелей сол жерлердегі бағдарламаның үйлестірушісі болып саналады.
- Бағдарламаға қатысу қанша сатыдан тұрады?
- Бағдарламаның бірінші және үшінші бағыттары бойынша кәсіпкер кредит беруші банкпен бірлесе отырып, жергілікті бағдарламаның үйлестірушісіне субсидиялауға немесе ішінара кепілдендіруге өтініш береді. Өтініш өңірлік үйлестіруші комиссияның қарауына ұсынылады. Комиссия өз кезегінде жобаларды іріктеп, мемлекеттік қолдау көрсету бойынша шешім шығарып, оны бағдарламаның басымдықтарына қаншалықты сәйкес екендігін Экономикалық даму және сауда министрлігімен келіседі. Оң шешім шығарылған жобалар бойынша кәсіпкер, банк және «Даму» қоры арасында субсидиялау немесе кепілдендіру жөніндегі келісімшартқа қол қойылады. Осы келісімшартқа сәйкес мемлекеттік қолдау көрсетіледі. Жетіспейтін инфрақұрылымды жеткізу және қызмет көрсету мәселелері бойынша өңірлік үйлестіруші комиссияның оң шешімін алу үшін кәсіпкерлер тікелей жергілікті Бағдарламаның үйлестірушісіне өтініш береді.
Кәсіпорынды сауықтыруды көздейтін Бағдарламаның екінші бағытына қатысу үшін кәсіпкерлер қаржы-экономикалық сауықтыру жоспарын әзірлеп, көп қарызы бар банкке өтініш береді. Егер кәсіпкердің бірнеше банкте бірдей қарыздары болса, онда ол өз қалауы бойынша солардың біріне барады. Егер Банк сауықтыру жоспарын мақұлдаса, Қазақстан қаржыгерлер қауымдастығына Бағдарламаға қатысу үшін өтініш жолданады. Егер борышкердің тек бір банкте немесе кредиторда қарызы болса, онда Кредиторлар комитеті құрылмайды және келісім тек бір банкпен (кредитормен) жасалады.
Мәселе оң шешімін тауып жатқан жағдайда, ҚҚҚ кәсіпкердің құжаттарын «Даму» қорына және Экономикалық даму және сауда министрлігіне жібереді. Олар өз кезегінде ұсыныстар негізінде құжаттарды екінші бағыт бойынша «Бизнестің жол картасына» кіретін борышкер-кәсіпкерлердің жобасын іріктеуді жүзеге асырушы Экономиканы жаңғырту жөніндегі Мемлекеттік комиссияның қарауына жібереді. Пайыздық мөлшерлемелерді субсидиялауды тікелей «Даму» қоры банктер және кәсіпкерлермен субсидиялау келісімшарттарына қол қою арқылы іске асырады.
- Бағдарлама шеңберінде мемлекеттік қолдау көрсетудің талаптары қандай? Кәсіпкерлер сіз айтқан үш бағыттың үшеуі бойынша бір мезгілде қолдау ала ала ма? Әлде шектеу бар ма?
- Бірінші бағыт бойынша субсидиялауға 2010 жылғы 1 қаңтардан бастап кредит алатын немесе алған кәсіпкерлер қатыса алады. Бір кәсіпкер үшін субсидияланатын кредит сомасы бір жоба шеңберінде 3 млрд теңгеден аспауы тиіс. 2010 жылы жылдық номиналды ставкасы 12 пайыздан аспайтын кредиттерге субсидия бөлінеді, оның 7 пайыздан аспайтындай мөлшерін кәсіпкер төлейді, ал қалған пайызын мемлекет өтейді. Кредит бойынша сыйақының жылдық номиналды ставкасы 12 пайыздан төмен болған жағдайда, 5 пайызын мемлекет өтейді, ал айырмашылығын кәсіпкер төлейді. Яғни кәсіпкер кредитті 12 пайыздық емес, 7 пайызбен алады. Бұл - жаңа инвестициялық жобаларды іске асыруға жасалып отырған мүмкіндік. Субсидиялау мерзімі бір жылдан 3 үш жылға дейін, кейіннен он жылға дейін ұзартылуы мүмкін тек 1 және 3 бағыт бойынша. Ішінара кепілдікті кәсіпкер кредитті қамтамасыз етуге кепілдігі жеткіліксіз болған жағдайда «Даму» қоры ұсынады.
Осымен бірге кәсіпкер жобаның жалпы іске асырылу құнының 15 пайызынан төмен емес мөлшерде ақшалай жобаның іске асырылуына қатысуын қамтамасыз етуі тиіс. Кепілдік мөлшері кредит сомасының 50 пайыздан аспауы тиіс. Бағдарлама бойынша бір кәсіпкер үшін кепілдікке берілетін кредит сомасы бір жоба шеңберінде 3 млрд теңгеден, кепілдік беру мерзімі 10 жылдан аспауы тиіс. Кәсіпкерлер үшін кепілдік тегін беріледі.
Айналым қаражатын қаржыландыру негізгі құралдарды сатып алуға немесе жаңғыртуға арналған кредит шеңберінде жүзеге асырылатын, бірақ кредит сомасының 20 пайызынан аспайтын жағдайларды қоспағанда, айналым қаражатын толықтыруға берілетін кредиттер бойынша кепілдік беру жүзеге асырылмайды. 2010 жылы кепілдік беру жүзеге асырылатын кредиттер бойынша банктердің сыйақы ставкасы 12 пайыздан аспайды.
Жергілікті деңгейдегі Бағдарламаны үйлестірушісі қаржы агентіне төлейтін кепілдік құны кепілдік мөлшерінің 20 пайызын құрайды.
Қаражат бөлу немесе қайта құруға арналған техникалық-экономикалық негіздеме немесе бизнес-жоспар негізінде жүзеге асырылуы тиіс.
Инфрақұрылымды салу құны жеке жоба үшін инфрақұрылымды жақындатқан жағдайда жоба құнының 50 пайызынан аспауы тиіс.
Сервистік қызметтер Бағдарламаға енгізілген жобаларды іске асыруды қолдау үшін, сондай-ақ өңірдің кәсіпкерлігін жалпы қолдау үшін тегін көрсетіледі.
Сервистік қызмет алу үшін кәсіпкер жергілікті деңгейде Бағдарламаны үйлестірушіге және сервистік қолдау жөніндегі операторға ӨҮК айқындаған тәртіппен өтініш жасайды.
- Кадр дайындау да кезең-кезең бойынша жүзеге асырылатын болар?
- Кадрлар даярлау 2011 жылдан бастап бес бағыт бойынша жүргізіледі:
Индустрияландыру картасының жобаларын қамтамасыз етуге жұмыспен қамту органдарының тапсырысы бойынша жобаларды іске асыру үшін мамандар даярлау. Облыстар мен мамандықтар бөлінісінде қайта даярлаудың егжей-тегжейлі жоспары әрбір өңір бойынша стратегияларды іске асыруды қаржыландыру бағыттары бекітілгеннен кейін әзірленетін болады;
Техникалық мамандықтар бойынша бар бос жұмыс орындарын толтыру үшін қайта даярлау жүргізу;
Техникалық және кәсіптік білім беру оқу орындарының (кәсіптік лицейлер мен колледждер), сондай-ақ ірі кәсіпорындар жанындағы оқу орталықтарының мүмкіндіктерін пайдалана отырып, шетелдік жұмыс күшін қазақстандық кадрлармен ауыстыру;
«Жастар саясатын» жүргізу жөніндегі іс-шаралар;
Әлеуметтік жұмыс орындарын құру жөніндегі іс-шаралар.
Бағдарламаны іске асырудың екінші бағыты екінші деңгейлі банктердегі кредит бойынша сыйақы төлеу кезінде қиындық көрген экономиканың шикізат емес секторының кәсіпорындарын сауықтыруға бағытталған.
Сауықтыру шеңберінде мынадай қолдаулар көрсетілуі мүмкін:
борышкерге банктердің бар кредиттері бойынша (мақұлдау сәтінде) пайыздық ставка және жобаны мақұлдағаннан кейін пайда болатын бір кредиттік желі шеңберінде жаңа берешекті субсидиялау;
борышкерге бюджетке төленетін салық берешегін (төлем көзінен ұсталатын жеке табыс салығынан басқа) өтеу бойынша мерзімін ұзартуды Салық кодексінде белгіленген тәртіппен көзделетін есептемей беру - өсімпұл мәселесін қарау;
қаржы-экономикалық сауықтыру жоспары шеңберінде кәсіпорындарды сауықтыру бойынша, оның ішінде қазақстандық қор биржасында орналастырылған облигациялар бойынша ішкі кредиторлар алдындағы берешек бойынша басқа да іс-шаралар. Бағдарламаның екінші бағыты бойынша Қаржы агенті («Даму» қоры) және Мемлекеттік комиссияның жанындағы арнайы жұмыс тобының ұсынысын ескере отырып, Мемлекеттік комиссияның шешімімен бағдарламаның қатысушылары анықталады. Егер борышкердің кредит сомасы 3 млрд теңгеден асса, оның Бағдарламаны іске асырудың екінші бағытына қатысуы туралы шешімді Мемлекеттік комиссия қабылдайды.
Осылайша, кәсіпкердің қарыз ауыртпалығы жеңілдеп, өзінің қаржылай, экономикалық жағдайын түзеуге мүмкіндік алады. Бағдарламаның үшінші бағытына сәйкес тау-кен өнеркәсібі және ауыр металлургия өнеркәсібінің кәсіпорындарын қоспағанда, экономиканың барлық секторларында шығарылатын өнімнің 10 пайыздан астамын экспорттайтын кәсіпкерлерге мемлекеттік қолдау көрсетіледі.
Жобаларды іріктеу және іске асыру механизмдері бірінші бағыттың талаптарына сай жүргізіледі.
Мұнда тек 4 пайызды экспорттаушы төлейді, ал 8 пайызды мемлекет өтейді.
Кәсіпкерге Бағдарламаның барлық тетіктері шеңберінде кешенді қолдау көрсетілуі мүмкін.
- Бағдарламаны іске асыруға үстіміздегі жылы қанша қаражат бөлінеді және ол бір реттік қаржыландырумен шектеліп қалмайтын болар.
- Бағдарламаны іске асыруға республикалық бюджеттен 2010 жылы 30,0 млрд теңге, оның ішінде кәсіпкерлік секторды сауықтыруға 16 млрд теңге көзделіп отыр. Бағдарламаның бірінші және үшінші бағыттары бойынша әрбір облыс, астана, республикалық маңызы бар қала үшін халық санына барабар есептелетін қаржыландырудың жалпы лимиті айқындалады және қаржыландыруды әкімшіліктер іске асырады. Әкімшіліктер бірінші және үшінші бағыттар бойынша қаражатты анықтап, өздері бөледі. Бағдарламаны одан әрі қаржыландыру тиісті қаржы жылдарына арналған республикалық бюджетті қалыптастыру кезінде нақтыланатын болады.
- Айтылғандардың бәрі дұрыс. Бірақ оның қорытынды нәтижесі қандай болмақ?
- Ең алдымен, шағын және орта бизнестің қаржы-экономикалық тұрақтылығын жоғарылату. Экономиканың шикізаттық емес секторларындағы инвестициялық жобаларды іске асыру үшін жеке сектордың қаражатын, бірінші кезекте, банктердің қаражатын тарту. Біз жыл сайын тек кредиттерді жалпы сомасы кемінде 400 млрд теңгеге дейін арзандатуды көздеп отырмыз. 2015 жылға ЖІӨ-нің құрылымындағы өңдеуші өнеркәсіптің үлесін кемінде 12,5 пайызға ұлғаяды және жалпы экспорт көлеміндегі шикізат емес сектордың үлесі кемінде 40 пайызға ұлғайтылады.
- Соңғы уақытта әлемде индустрияландыру үрдісінде мемлекеттік - жекеменшік әріптестік ерекше маңызға ие болуда. Осы бағытта біздің елімізде қандай жұмыстар атқарылуда?
- Осыдан бірнеше жыл бұрын елімізде бірқатар мемлекеттік - жекеменшік әріптестік бастамалары іске асырыла бастады. Оның ішінде көлік саласында (темір жол саласындағы жобалар). Жобалардың алғашқылары екі кезеңде, біріншісі 2006 жылы «Концессиялар туралы» заң қабылданғанға дейін және екіншісі қабылданғаннан кейін. Ел үкіметі концессиялық жобаларды іске асыру арқылы мемлекеттік - жекеменшік әріптестік механизмдерін енгізуде. Осы уақытқа дейін 7 жоба бойынша концессиялық келісімшартқа қол қойылды. Оның ішінде 2 келісімшарт электр энергиясы саласында болса, 5-еуі көлік саласында.
Қазіргі кезде «Батыс Қазақстан - Ақтөбе облысы» электр тасымалдау желісі, «Ақтау халықаралық әуежайының жолаушылар терминалы», «Шар - Өскемен темір жол желісі» тәрізді өңіраралық үш жобаның құрылысы аяқталды.
Бүгінге дейін қол қойылған концессиялық келісімшарттар тек көлік және энергетика салаларына қатысты, алайда еліміздегі заңнама жеке секторға инфрақұрылымның барлық салаларында инвестициялар құюға мүмкіндік береді.
Осы жылы «Концессиялар туралы» заңға жеке сектор үшін концессиялық жобаларды арттыруға және жобалардың бәсекеге қабілеттілігін жоғарылатуға бағытталған бірқатар өзгерістер енгізілді. Осы мақсаттарға қол жеткізуге жобаларды қоса қаржыландыру және кепілдеме беру арқылы қол жеткізуге болады. Заң арқылы Үкімет концессионерге инфрақұрылымдық бонд, концессиялық жобаларды қаржыландыру үшін алған қарыздарға кепілдеме береді, концессиялық объектіні басқаруға қатысты айрықша құқықтар тапсырады, сонымен қатар қазақстандық заңнамаға сәйкес заттай гранттар ұсынады. Бұдан басқа, концессиялық мемлекеттік - жекеменшік әріптестіктің бір механизмдері ретінде жеке сектор үшін қолданылатын жаңа қаржы бастамаларын ендіру жұмысы жүргізілуде. Жақын арада Қазақстан Республикасындағы 2010-2014 жылдарға арналған мемлекеттік - жекеменшік әріптестікті дамыту тұжырымдамасын бекіту көзделіп отыр. МЖӘ жобалары, сондай-ақ жалпы ел экономикасына институционалдық инвесторларды тарту үшін жобалық қаржыландыруды ендіру тұжырымдаманың негізгі бағыттарына айналмақ.
- Кәсіпкерлікті қолдау тек қаржыландыру мәселелерін шешуді ғана емес, сонымен қатар бизнес ахуалды жақсарту, бизнестің дамуына тосқауыл қоятын кедергілерді жоюды қарастырады. Министрлік осы мәселелерді қалай шешуде?
- Бизнес ахуалды жақсарту жұмыстары жүйелі түрде бірінші жыл жүргізіліп жатқан жоқ. Оның жақсаруына мемлекеттік органдар қызметін бақылау-қадағалауды реформалау ықпал етеді. Өткен жылдың шілде айында жеке кәсіпкерлік мәселелері бойынша қолданыстағы заңнамаға өзгерістер мен толықтырулар енгізген заң күшіне енген болатын. Заң Мемлекет басшысының тікелей тапсырмасымен мемлекеттік органдардың тексерулерін ретке келтіру және оңтайландыру мақсатында әзірленді.
Осы құжатта алғаш рет барлық меморгандарға (Қаржылық бақылау агенттігі, Ұлттық банк, Бәсекелестікті қорғау комитеті, Есеп комитеті және әлеуетті органдардан басқа) ортақ тексерістер өткізу тәртібі жазылды.
Заңда сонымен бірге жеке кәсіпкерлік субъектілерін мембақылау принциптері, міндеттері жаңаланып, мақсаттары, заты, тексеру нұсқалары белгіленіп, оларды жүргізудің бірыңғай тәртібі бекітілді, тексерулердің түрлері мен оларды жүргізу негіздемелері жүйеленген. Тексерулерді реттеу және оңтайландыру тәуекелдерді бағалау жүйесін ендіру, тексеру парақтары мен ведомстволық статистикалық есебінің үлгісін бекіту арқылы жүргізілуде. Қазіргі уақытта Министрлік осы үлгілерді бекіту бойынша бақылаушы органдармен ортақ 95 бұйрыққа қол қойды.
Бизнеске тексерулер кезінде өз құқықтарын қорғауға қосымша мүмкіндіктер берілді. Қабылданған заңға сәйкес 2011 жылдан бастап жыл сайынғы субъектілерге қойылатын барлық талаптар тек заңдармен, Мемлекет басшысының нұсқаулары және Үкімет қаулыларымен ғана бекітілетін болады. Соған сәйкес қазіргі уақытта мемлекеттік органдардың құзыретінен бизнеске талап қоюшы нормативті құқықтық актілерді бекіту өкілетін алып, Үкіметке тапсыруды көздейтін заң жобасы әзірленуде (18 меморгандардың құзыретіне қатысты 58 заңнамалық актіге өзгерістер енгізілуде). Ведомстволық нормативтік құқықтық актілерді Үкімет қаулылары деңгейіне көтеруді меморгандар механикалық түрде жүргізілмеуі қажет. Бұл жұмыс қолданыстағы құжаттардың ескірген, қайталанатын, бизнес үшін әкімшілік кедергілер тудыратынына талдау жасалуы арқылы бекітілуі шарт. Соның нәтижесінде тек маңызды, негізделген құжаттар ғана қаулы деңгейіне шығарылуы тиіс. Әкімшілік кедергілерді жоюда рұқсат беру жүйесін оңтайландыру да өте маңызды.
Өздеріңізге белгілі, Үкімет Қазақстан Республикасындағы 2009-2011 жылдарға арналған рұқсат беру жүйесін жетілдіру тұжырымдамасы мақұлданған болатын.
Рұқсат беру жүйесіне жүргізілген талдау елде 1015 әртүрлі рұқсаттар, оның ішінде 334 күшін жою ұсынылды. Осы жұмысқа бизнес қауымдастықтың, қоғамдық бірлестіктердің өкілдері және кәсіпкерлер белсенді атсалысты.
Осы ұсыныстарды іске асыру мақсатында Министрлік Үкіметтің қарауына заң жобасын ұсынды. Заң жобасы 6 кодекске және 41 заңға өзгерістер мен толықтырулар енгізуді көздейді. Атап айтқанда, лицензияның 21 түрі, 41 кіші және 39 ішкі кіші түрлері (лицензияның 108 түрінен, 178 кіші түрінен және 258 кіші түрлерінен) қысқартылады. Сонымен бірге бірқатар сертификаттау, аккредиттеу, аттестаттау, рұқсат беру мен келісу және т.б. бойынша рұқсат берудің кейбір түрлері де қысқартылуға ұшырайды.
Енді рұқсат беру құжаттарының және үрдістердің тізімі «Жеке кәсіпкерлік туралы» заңда көрініс табатынын атап өткен жөн.
- Рұқсат беру құжаттарын қысқартудан басқа, заң жобасы қандай міндеттерді шешеді?
- Заң жобасы рұқсат беру жүйесін одан әрі оңтайландыруды көздейді. Лицензия алу кезінде меморгандармен барлық келісімдері «Бір терезе» қағидаты бойынша іске асады. «Үнсіздік - келісімнің белгісі» қағидаты енгізіледі. Кәсіпкер заңмен белгіленген уақытта меморганнан лицензия алмаса немесе қабыл алмау туралы негізделген жауап алмаса, өз жұмысын бастай береді. Уақыт үнемдеу үшін лицензиялар екі күн ішінде құжаттарды қарап шығу және жетіспеген құжаттар болса, өтініш берушіні хабарландыру міндеті қарастырылған. Өтініш берушінің құжаттарын нотариалды растау міндеті алып тасталды.
- Көптеген рұқсат беру құжаттарын жергілікті атқарушы органдар береді. Бизнестің пікірінше, жергілікті жерлерде олар қысқармай, керісінше, ұлғаю үстінде. Осы бағытта қандай шаралар қарастырылған?
- Иә, шынымен де, жергілікті деңгейдегі қалыптасқан рұқсат беру жүйесі бірталай оңтайландыруды талап етеді. Сондықтан Үкімет осы бағытта да үлкен жұмыс жүргізуді жоспарлап отыр. Осы жылдың мамыр айында Министрлік бизнес ортаны жақсарту бойынша USAІD жобасымен және Экономикалық зерттеулер институтымен біріге отырып, облыс әкімшіліктері үшін жергілікті деңгейде рұқсат беру жүйесін оңтайландырудың мақсаты, қағидаттары және тәртібі бойынша семинар өткізген болатын. Жұмыс жүргізу нәтижесінде барлық жергілікті атқарушы органдарда рұқсат беру құжаттарын инвентаризациялау жұмысы басталып кетті. Осы жылдың қыркүйегіне дейін орталық деңгейде рұқсат беру жүйесін жетілдіру бойынша заңнамалық құжаттар әзірленіп, рұқсат беру жүйесін жетілдіру бойынша ұсыныстар әзірленетін болады.
Биылғы жылдың сәуір айынан бастап бизнеспен тығыз байланыс орнату мақсатында Үкімет жанынан кәсіпкерлік мәселелері бойынша Біртұтас үйлестіру кеңесі құрылды.
Кеңесті ел Премьер-министрі басқарады. Құрамында меморгандар мен бизнес қауымдастықтың өкілдері бар. Мемлекет пен бизнестің тиімді қарым-қатынасы Мемлекет басшысының елді жеделдетілген индустриялды-инновациялық дамыту бағдарламасында берген тапсырмаларын орындауға мүмкіндік береді деп ойлаймын.

Сұхбаттасқан
Гүлбаршын АЙТЖАНБАЙ
 

 



Назад в раздел